Махаббат
Сарқылмайтын, биік те нәзік, әрі шексіз күрделі щығармашылық тақырып – ол махаббат тақырыбы. Әлемнің барлық ақындары бұл ұшы-қиыры жоқ, ақылға қонбайтын, терең сезім туралы өлең жолдарын, дастандар, сонеталар, арнаулар жазған, жазып келеді және әлі жазатын болады.
сСізге біздің сайттан не ұнады?
|
Әуесқойлық пен түпсіз терең ойпат туралыШалғай ақша бұлттардағы тірі жандар жерге көз салса, ғайып, бірақ шын мәнінде бар, ұшы-қиыры жоқ мұхитты көреді. Ол – дара, басқа мұхиттар мен теңіздерге ұқсамайды, ол тірі ағза сияқты дем алып, өмір сүреді, сағат сайын көлемі мен түсін өзгертіп, сөзбен айтып жеткізуге қиын таңданыс, сонымен қатар болашақ оқиғалардың болжамсыздығынан алаңдаушылық тудырады.
Мұхиттың тыныштық күйінде болатын кездері өте сирек. Оның тұңғиығында толассыз толқулар жиі болады, сондықтан да мұхиттың бетіне үлкен толқындар көтеріледі. Олар асқан күшпен жағаға жүгіріп, гранитті жартастарға соғылып, кері қайтып, қайтадан жағаға асығады, әрбір жаңа толқынмен олардың қуаты жолындағы кез-келген кедергіні қирататындай арта түседі...Бұл – адамдардың құмарлық мұхиты. Ол бейне бір араның омартасындай тасиды, ретсіз көрінетін іс-әрекеттердің өзінде әлдебір еліктіретін ереже, ұйымдастық бар екендігі сезіледі. Кейде толқу үрдісін бір нәрсе тоқтатады, сонда мұхиттың бетінде күн сәулесін шағылыстырып, жер мен көктің арасында бірер сәтке керемет үйлесімділік орнататын жұқа, айнадай қабат пайда болады. Содан соң қайтадан адамдардың тулаған құмарлықтары оянып, мұхитта жаңа, бүкіл әлемді жойқын цунамимен құртуға дайын қүшті қозғалыс туады.
Аңыз бойынша ертеректе, Құдай адамды жаратқанда оны бар әлемдегі жаратылыстартан жоғары қоюды шешіп, сол үшін адамға ең керемет қасиеттерді: махаббат, қайырымдылық, даналық, рақымшылдық, бекзаттық, дархан көңіл мен кең пейілділікті сыйға тартты. Бұл қасиеттер адам өмірін қызықты, мәнді де сәнді, қуаныш пен бақытқа, жаңалықтар мен шығармашылыққа толтыруы керек еді.
Ал барлық қарама-қарсы қасиеттер: өшпенділік пен озбырлық, қызғаншақтық пен зұлымдық, өтірік пен сатқындықты Жаратушы қалың тұманмен қоршалған түпсіз тұңғиық ойпатқа тығып қойды.
Құдайдың берген асыл сыйларын ізгі жұректің кемесіне жүктеп, адам өмір өзенімен сапарға аттанды. Оның алғашқы қадамдары расында сәтті болды, жасаған барлық іс-әрекеттері мінсіздік пен үйлесімділікке қанық болды және олар игі бастамалар мен мақсаттарға қызмет етті. Адам өзін шексіз бақытты сезінді, оның өмірі тыныштық пен рақатқа толы болды. Алайда оны кей-кездері түсініксіз қызығушылық сезімі мазалады. Адамға оның әлемін айнала қоршап, құз қиырында қалқып тұрған қалың тұман қабырғасының ар жағында не жасырынғаны қызықты болды, және кейде оның санасында қиял-ғажайыптай көрінетін сол қабырғаның ар жағына көз салуға ынтызарлық туатын, бірақ Жаратушы бұл сезімдерді байқатпай басып отырды.Уақыт өте келе, Жаратушы да, адам да өмірлік қағидаттарды қатаң ұстанатындығына толығымен сенген кезде, Құдай басқа әлемдер мен өркениеттерді жарату үшін адамды тастап кетті. Өзімен өзі жалғыз қалған адам біраз уақыт бойы бұрынғы, қалыпты өмірін жалғастыра берді, бірақ тыйым салынған тұман қабатының ар жағындағы сырды ашуға деген қызығушылық әрбір сәт сайын арта берді, бір күні ол сезім даналықтан да, ізгіліктен де үстем түсіп, адамның қалың тұман торабынан әрі өтуіне жол ашты. Тұңғиық ойпатқа құлау кенеттен болды. Адам болған оқиғаны жете түсінбестен бұрын ол Жаратушы сыйлаған асыл қасиеттердің қарама-қарсылықтарының қоршауында қалды. Теріс қасиеттер адамның денесіне қадалып, тереңге бойлап, ақыр аяғанда, Құдай тарту еткен ізгі сыйларды мәпелеп сақтаған жүрегіне де жетті.
Жойқын тартыс, адамның жаны үшін күрес басталды, ол кім болады, қандай болады, ол қоршаған ортамен бұрынғы үйлесімдігін қайта қайтара алады ма, әлде оның бойына енген өзімшілдік пен ашкөздіктің, зұлымдық пен өшпенділіктің, өтірік пен алауыздықтың, қатыгездік пен немқұрайлықтың құрбаны боп қалады ма? Жас бұлақтай басталған күрес орасан зор мұхитқа айналды. Сол уақыттан бері, адамдардың құмарлық мұхитында түсініссіздік пен азаптың алып толқындары көтеріліп, Жаратушының адам өмірінің алаңсыздығы үшін жасаған барлық игіліктерін су астында қалдырумен үркітіп, толассыз толқып тұратын болды.
Адам өз жүрегінде болып жатқан күресте жеңіп шыға алады ма, қызығушылықпен келген жамандықтан үстем тұра алады ма, әлде Құдайдың қайта оралуын, ғажайыптың болуын бой сұнып күтеді ме деген сұрақтар туындайды. Тек жүректің терең түбінен адамға үндеу салған әлсін дауыс естіледі: «Жаратушыны күтпе, ғажайыпты күтпе, өз тағдырыңның иесі бол, өз-өзіңді шарықтат, өз қолыңмен ғажайыпты жарат, сонда бұрынғы ұлылықты, бұрынғы бақытты, бұрынғы табиғатпен біріккен үйлесімділікті қайтарасың және бір кездері Жаратушы орнатқан әлем жерге қайта оралады. Бойыңнан тұңғиық ойпатпен жіберілген әуестік қараңғылығынан аттап өтер күш пен қайратты тап, жүрегіңде қызғаншақтық, ашкөздік пен нәпсіқұмарлықты тудыратын сезімдерді күйретіп жібер, жадыңнан адамдардың азаптарына деген зағиптық пен кереңдіктен туған жәбірлік пен озбырлық жылдарын өшір, мейірбандық пен махаббатыңмен бар ғаламға құшақ жай, сонда саған барлығы жүз есе қайтарылады, ал әлемде бұрын соңды болмаған күллі жаратылыстың үйлесімділігі, Бейбітшілік пен Келісім орнайды».
|